<?xml version="1.0" encoding="utf-8"?>
<document>

Шығыс Қазақстан мен көршілес Қытай экономика дамуына байыпты серпін берер бірлескен тиімді жобаларды жүзеге асыруда - ШҚО әкімі Б.Сапарбаев

ӨСКЕМЕН. 28 желтоқсан.
ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның іргелес қоңсы қонған 2 көршісі бар.
Оның бірі - Ресей, ал екіншісі - Қытай.
Қазақстан мен Ресейді ежелден келе жатқан тату көршілік серіктестік қарым-қатынастар барлық салада байланыстырады десек артық айтқандық емес.
Ал бүгінгі таңда тағы бір алып көршіміз Қытай Халық Республикасымен Қазақстанның арасындағы өзара қарым-қатынас қалай өрбуде, екі елдің өзара тиімді бірлескен жобалары бар ма деген сауалдың көлденең тартылатыны да бар.

Бұл ретте ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген өңір басшысы Бердібек Сапарбаев іргелес жатқан елдер арасындағы іргелі жобалардың бірі ретінде «Тарбағатай Мұнай Газ» жобасын атайды.
Облыс әкімі, экономика ғылымының докторы, профессор Бердібек Машбекұлы былай дейді:

- Қытай Халық Республикасы біздің таяу көршіміз.
Біздер жиі кездесіп, сұхбаттасып тұрамыз.
Толықтай алғанда біздерде жақсы қарым-қатынас, әсіресе, Шынжаң-Ұйғыр автономды өлкесімен қалыптасып отыр.
Мәселен, шекаралас Зайсанда бірлескен жобамыздың арқасында «Тарбағатай Мұнай Газ» табиғи газды Шығыс Қазақстан тарихында алғаш рет өндіріп, көгілдір отын халыққа беріле бастады.
Қытай тарапы өз қаржылары есебінен ұзындығы 93 шақырым газ құбырын, газ тарату стансасын салып берді.
Бүгінде Зайсандағы бір мектеп газбен жылытылып отырса, қаладағы бірқатар тұрғын үйге газ тартылды.
Қазірдің өзінде біздерде қытай тарапымен уағдаластық бар.
Келесі жылы олар дәл осындай жұмыстарды аталған газ құбыры бойында орналасқан барлық елді мекендерге тартатын болады.
Әзірше, сөз Зайсан ауданы төңірегінде ғана болып отыр.
Осы уақытта біз олармен қазақстандық үлесті пайдалануға қатысты жұмыстар жүргізудеміз.
Өздеріңіз білетіндей, екі мемлекет арасында қол қойылған хаттамаға сай біз бұл жобаны «50-де 50», яғни тең пайдалануға тиіспіз.
Өкінішке орай, әзірше өз үлесімізді пайдаланып отырған жоқпыз әрі қытай тарапына сұйытылған газды өңдеу зауытының құрылысына қатысты бірқатар нұсқаны ұсынудамыз.
Бұл ойымыз іске асар болса, онда біз Тарбағатай, Күршім, Жарма аудандарына, тіпті Өскемен шаһарына да газ тартуға қол жеткізе алар едік.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан тарапы бүгінде бұл жобаның бар мүмкіншілігін пайдалану үшін белсенді жұмыстар жүргізуде.

Бұдан бөлек, тағы бір қызықты жобаны, атап айтқанда, шағын ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыруға, жекелеген қосалқы бөлшектері мен жабдықтарын шығаруға бағытталған бірлескен зауыт құрылысын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстарды белсенді жүргізудеміз.
Зауыт Зайсан ауданында, нақты Майқапшағайда бұрынғы қазақстандық кеден бекетінің ғимаратында орналасуы тиіс.
Қазіргі таңда бұл жобаға қатысты барлық уағдаластықтарға қол жеткізіліп, жұмыстар басталды.

- Ал жұмысшы кадрлар қай елдікі болмақ?

- Біздің қазақстандық кадрлар болады.
Әрине, жергілікті кадрлар мамандықтың қыр-сырын үйренгенге дейін қытайлық жұмысшылар жұмыс істейтін болады.
Дәл қазіргі уақыттағы біздің міндетіміз - шағын ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын бірлескен кәсіпорын құру.
Яғни, біз бұл кәсіпорынның жұмыс істеуі үшін талап етілетін барлық механизмдерді құруға тиіспіз.
Бірінші құрал-жабдықтар Қытайдан жеткізілетін болады, ал содан кейін кезең-кезеңімен, жыл сайын бұл жобаның «қазақстандық құрамдас бөлігін» еселей беретін боламыз.

Бүгінде шаруалардың қолында көптеген трактордың бар екендігін өздеріңіз де көріп отырсыздар ғой.
Бірақ, олар көбіне ыңғайлы, шағын ауыл шаруашылығы техникаларын пайдалануға тырысады.
Әсіресе шағын шаруа қожалықтары құны небәрі 3-5 мың АҚШ доллары көлеміндегі тракторларды сатып алуға ден қоятындығы рас.
Ал егер де біз дәл осындай ұтқыр техниканы елімізідң шығысында құрастыруды қолға алар болсақ, онда ол біздің фермерлерімізге біршама арзанға түсері сөзсіз әрі экономикамызға да тиімді болар еді.

- Бүгінде дәстүрге айналып, Өскеменде өткен халықаралық бал фестивалінде жергілікті бал экспортын жолға қою мәселесі айтылған-ды.
Оған қол жеткізілді ме?

- Иә, бұл мәселе оң шешімін тапты.
Ағымдағы жылы біз алғаш рет Шығыс Қазақстан балын Қытайға экспортқа шығара бастадық.
Айтпақшы, біздің Елшілік пен министрліктердің зор қолдауының арқасында рұқсат, сертификат алдық.
Бүгінде біздің «Пасека» компаниямыз көршілес Қытайға мың тонна бал жеткізді.
Алдағы уақытта да біз бал жеткізе беретін боламыз.

- Бердібек Машбекұлы, Бақтыда қолға алынбақ болып отырған «жеміс-көкөніс» жобасы туралы айтып берсеңіз.
Өйткені, таяуда ғана аталған учаскеде «жасыл дәліз» ашылды ғой.

- Қазіргі уақытта Бақты шекара маңы ауылында Қытайдан жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу әрі сұрыптау бойынша тағы бір бірлескен қазақстандық-қытайлық кәсіпорын ашылады.
Елімізге жеткізілетін барлық көкөніс пен жеміс-жидек Бақтыда екшеленіп, содан кейін бүкіл Қазақстан аумағына тасымалданатын болады.

Біз қазірдің өзінде қажетті инфрақұрылымдар құрылысын жүргізуге қажетті рұқсатты алдық.
Бұл жоба өнімнің барынша арзандауына өз септігін тигізеді.
Яғни, Бақтыдан өнім ешқандай делдалсыз әрі алыпсатарларсыз біздің дүкендер мен базарларға, сонымен бірге Павлодар мен Қарағанды облыстарының сауда желілеріне тікелей жеткізіледі.

- Өңірдің «экономикалық қоржынында» қытайлық әріптестермен жүзеге асыру көзделіп отырған бірлескен жобаларға қатысты қызықты идеялардың мол екендігі сөзсіз.
Сіз соларды атап бере аласыз ба, әлде ол жайында айту әзірше ерте ме?

- Ондай жобалардың бар екендігін жасырмаймын.
Мәселен, Үржар ауданында соя өсірумен айналысатын бір компания жұмыс істеуде, олардың бұл өсімдікті өсіру технологиясы жақсы.
Өкінішке орай, әзірше бізде сояны өңдейтін кәсіпорын жоқ, ал Қытайда - бар.
Біз бүгінде өнімімізді Қытайға өңдеуге жіберумен айналысып жатырмыз.
Демек, бұл идея емес, нақты әрі шынайы жоба.

Өзіңіз атап өткендей біздің «қоржынымызға» қатысты айтар болсам, онда 2 нұсқада жүзеге асырылуы көзделген тағы бір байыпты жоба-ойымыз бар.
Бұған қоса, темір жол құрылысын салуды көздейтін 2 нұсқа да мультипликативті тиімділік әкеледі.

Бірінші нұсқа - бұл Майқапшағай-Зырян темір жол тармағын салу.
Зырян, Күршім, Қатонқарағай аудандары аумағында пайдалы қазбаларға бай кен орындарының бар екендігін жақсы білесіз.
Бірақ, өкінішке орай, олар көлік желісінің, жолдың болмауы салдарынан игерілмей жатыр.
Бұдан бөлек, мәселен, Зайсан ауданында тақтастың мол қоры бар.
Бұл да, өкінішке орай, игерілмей жатыр.
Себебі, өзіндік құны тым қымбатқа түсіп отыр.
Егерде ол жаққа темір жол түсетін болса, онда мұның бәрін игеруге болар еді.